Жаңалықтар

Құрметті түркістандықтар!

Құрметті түркістандықтар!

30 тамыз 10:00 558

Сіздерді Конституция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл Ата Заңымыздың қабылданып, қолданысқа енгеніне 24 жыл толды. Осы жылдар ішінде біз экономикасы қуатты, саяси тұрақты мемлекет құра білдік.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – Тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Ата Заңымызда әрбіріміздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыз ескеріліп, халқымыздың қалыпты өмір сүруіне мүмкіндіктер жасалған.
«Тәртіпсіз ел болмайды,
Тәртіпке бас иген құл болмайды». Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының осы бір қанатты сөзі әрбір адамның Конституцияға деген құрметі мен жауапкершілігін айқындап тұр. Демек, біз мемлекетіміздің Ата Заңын қастерлеп, ондағы әрбір қағидатқа құрметпен қарасақ қана тыныштығы тұрақты, тәуелсіздігі тұғырлы қоғамда өмір сүреміз.
Елбасы Жарлығымен Түркістан облысының құрылғанына да бір жылдан асты. Бұл уақыт облыс орталығына айналған Түркістан қаласының түрленіп, жаңаша келбетке енуіне даңғыл жол ашты. Ата Заңның айқындап берген даму бағыттары мен қағидалары шеңберінде қаншама игілікті істер атқарылды. Қала аумағында ғана емес, облыстың барлық өңірлерінде қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Қадірлі жерлестер!
Еліміздің Ата заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, тарихи дамуымыздың жалпыұлттық бағдарын айқындауда басты мәнге ие күшке айналды. Ендеше оның маңыздылығын арттыру, Ата Заңның аясында аянбай еңбек ету арқылы мемлекеттің қарыштауына үлес қоса берейік.
Барлықтарыңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, еңбектеріңізге – жеміс, отбасыларыңызға жақсылық тілеймін!

Өмірзақ Шөкеев,
Түркістан облысының әкімі